Перейти к основному содержимому
Бухгалтерлік есеп
Бухгалтерлік есеп кәсіпорынның жұмысын толығымен бақылап, оны басқару үшін бағыт бағдар беріп, болашақта атқарылатын жұмысына экономикалық талдау жасауға өте қажетті ғылым болып табылады. Барлық экономикалық ғылымдар ішінде бухгалтерлік есеп өз алдына дараланып тұратын бөлек ғылыми сала. Бұл ғылымды жан-жақты зерттейтін, экономикалық жағынан талдайтын, өз алдына ғылыми даму жолдарын анықтайтын әдістермен бірге бұл ғылымды оқытатын пән бар.
Запись на курс закрыта
IITU Moocs Главная страница

Курс туралы

Бухгалтерлік есеп кәсіпорынның жұмысын толығымен бақылап, оны басқару үшін бағыт бағдар беріп, болашақта атқарылатын жұмысына экономикалық талдау жасауға өте қажетті ғылым болып табылады. Барлық экономикалық ғылымдар ішінде бухгалтерлік есеп өз алдына дараланып тұратын бөлек ғылыми сала. Бұл ғылымды жан-жақты зерттейтін, экономикалық жағынан талдайтын, өз алдына ғылыми даму жолдарын анықтайтын әдістермен бірге бұл ғылымды оқытатын пән бар.

Кез келген ұйымда бухгалтерлік есеп жұмысын жүргізу экономикалық мәселелердің негізгі және басты қажеттілігі болып табылады. Бухгалтерлік есеп арқылы өндірілген өнімді есепке алуға, сатып өткізуге, айырбастауға және одан түскен қаржыны тиімді де ұқыпты етіп бөліп жұмсауға, яғни шаруашылық субьектісіндегі үдерістердің барлығын басынан соңына дейін есептеуге болады. Осы айтылғандарға сәйкес мекемедегі экономикалық үдерістердің, сондай ақ шаруашылық операцияларының барлығының есепке алынуы экономикалық талапқа сай бухгалтерлік есептің негізі болып табылады.

Бухгалтерлік есепті ұйымдастырудың әдістемелік негізін әдістер мен тәсілдер жүйесі құрайды. Олар құжаттау, түгендеу, бухгалтерлік балама жасау, екіжақты жазу әдісін қолданып жинақтамалы және талдамалы шоттар жүйесін, мүліктер мен міндеттемелерді бағалау, калькуляциялау мен шаруашылық субьектісінің есеп беруі арқылы жүзеге асырылады.

Бухгалтерлік есеп курсы ешбір тәжірибесі мен білімі жоқ барлық тыңдаушыларға, ЖОО-ның студенттеріне, сонымен қатар бухгалтерлік есепті меңгеруге қызығушылық танытқандарға арналған.

Курс мақсаты

- Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы Қазақстан Республикасының заңының аясында Қаржылық есептің халықаралық стандарттарына сай бухгалтерлік есептің ұйымдастырылу ерекшеліктерін қарастыру.

- курс барысында тыңдаушыларға бухгалтерлік есептің негіздерін: бухгалтерлік есептің негізгі принциптерін, қаржылық есеп беру элементтері мен бухгалтерлік есеп обьектілерін, әдістерін, есеп операцияларын кеңінен түсіндіру.

- бухгалтерлік баланстың мазмұны мен құрылымын, шоттар жүйесі мен екі жақты жазуды, бағалау мен калькуляциялауды, құжаттау мен түгендеуді, қаржылық есеп беруді құру мен ұсынуды оқып, үйрету.

- қаржылық есеп беру элементтерінің есебін, қысқа және ұзақ мерзімді активтердің есебін, ұйымдардың капиталы мен міндеттемелерінің есебі бойынша білімдерін тереңдету.

Нәтижесінде курс тыңдаушыларында бухгалтерлік есеп туралы түсінік қалыптасады және шоттар жоспарымен жұмыс жасап, активтер, міндеттемелер, капитал есебі бойынша бухгалтерлік есептерді шығаруға қабілетті болады.

Курс барысында есептерді шығарып, білімді бағалауға арналған сауалнамаларға жауап беру үшін ҚЕХС, ҚЕҰС және шоттардың Үлгілік жоспарын пайдаланған жөн. Бухгалтерлік есептің шот жоспары ҚР Қаржы министрлігімен 2007 жылдың 23-мамырындағы №185 бұйрығымен бекітілген, 03.09.19ж. ҚР Қаржы министрлігінің №531 бұйрығына сәйкес өзгерістер енгізілген.

Курстың құрылымы

1-Модуль. ҰЙЫМДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП

Мұнда бухгалтерлік есеп түсінігі, бухгалтерлік ақпаратты пайдаланушылар, бухгалтерлік есеп жұмысын жүргізуде қолданылатын өлшем түрлері, Қазақстанда бухгалтерлік есептің заң жүзінде реттелуі, бухгалтерлік есеп қағидалары, бухгалтерлік есеп әдісі мен элементтері қарастырылған.

2-Модуль. БУХГАЛТЕРЛІК БАЛАНС ЖӘНЕ ЕКІ ЖАҚТЫ ЖАЗУ

Мұнда бухгалтерлік баланс құрылымы, бухгалтерлік баланс түрлері, шаруашылық операцияларына сәйкес баланс баптарының өзгеріске ұшырауы, бухгалтерлік есепшот туралы түсінік, құрылымы мен түрлері, екі жақты жазу жүйесі түсіндіріледі.

3-Модуль. ҚЫСҚА ЖӘНЕ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ АКТИВТЕР ЕСЕБІ

Мұнда ақша қаражаттарының есебі, дебиторлық берешектер есебі, қорлар есебі, негізгі құралдар есебі қарастырылады. Негізгі құралдардың амортизациясын есептеу жолдарын үйренеді.

4-Модуль. МІНДЕТТЕМЕЛЕР ЖӘНЕ КАПИТАЛ ЕСЕБІ

Мұнда міндеттемелер мен капитал есебіне, соның ішінде бюджетпен салықтар бойынша есеп айырысуларға, еңбек ақы есебіне кеңірек тоқталады. Бөлінбеген пайда (жабылмаған залал) есебін қарастырады.

5-Модуль. ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ҰСЫНУ

Мұнда ҚЕХС сәйкес есеп беруді дайындау және құрастыру тұжырымдамасын қарастырады. Қаржылық есеп берудің дайындау мен ұсынуды меңгереді.

Курстың командасы

Course Staff Image #1

Альдешова Самал Балгабаевна

Экономика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Бухгалтерлік есеп және аудит факультетін Кәсіптік жоғары білімі бар бухгалтер-экономист біліктілігі бойынша бітірген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2001 жылдан қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы. 30-дан астам ғылыми мақалалары жарық көрген. 4 оқу құралының авторы. 2 оқу құралы РОӘК ОӘБ-мен мақұлданған (Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп, 22.01.2016ж. Нархоз университеті, Бухгалтерлік есеп, 23.06.2021ж. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ). 1 авторлық куәлік иегері.

Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының арасындағы Студенттердің ең үздік ғылыми жұмыстарының Республикалық конкурсы жеңімпаздарының ғылыми жетекшісі (Атаева Б. Есеп және аудит мамандығы, 2014ж, Нисимбаев Н. Есеп және аудит мамандығы, 2020ж). ҚР Білім және ғылыми министрлігінің Алғыс хатымен (2017 ж), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ректорының Алғыс хаттарымен, Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен (2020) марапатталған.